ТҰРАҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАР: ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ЗАҢНАМАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ СҰРАҚТАРЫ
Кілт сөздер:
тұрақты мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік сатып алулар, жасыл экономика, экология, экономикалық аспекті, әлеуметтік аспектіАңдатпа
Мақалада экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілерді ескере отырып мемлекеттік қажеттіліктер үшін сатып алуды жүзеге асырудың немесе «тұрақты мемлекеттік сатып алудың» елімізде жұмыс істеуінің құқықтық негіздеріне шолу жасалынған.
«Тұрақты мемлекеттік сатып алу» - бұл жаңа тренд қана емес, сонымен қатар біздің мемлекетіміз үшін аса қажеттілік болып табылады.
Мемлекеттік сатып алу саласын реттейтін еліміздің заңнамасына тұрақты мемлекеттік сатып алу қағидаттарын пайдалану тұрғысынан шолу жасау арқылы оның іс жүзінде қолданылуына баға беру, сонымен қатар жалпы тұрақты мемлекеттік сатып алу концепциясын заңнамалық қамтамасыз ету мүмкіндіктерін зерттеу мақсатында мақала авторлар тобымен қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізілген және қабылданған жаңа заң жобасын ескере отырып аталған институттардың елімізде дамуына байланысты болжамдар жасалынған. Оның толыққанды іске қосылуы үшін қажет заңнамалық қамтамасыз ету жолдары талқыланған. Шет елдердегі сәтті тәжірибелер қарастырылады.
Мақала авторлары тұрақты мемлекеттік сатып алулар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызды құралы болып табылатындығын ескере келе елімізде оны кеңінен қолдану маңызды қажеттілік деген түйінге келеді. Алайда, ол үшін, авторлардың пікірінше мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде аталған аспектілерді ескеру үшін қажет талаптар мен шарттардың нақты құқықтық тәртібі бекітілуі қажет. Қабылданған негізгі заңның аясында қабылданатын ережелер мен өзге де құжаттардың аталған тұрақты сатып алу аспектілерін тәжірибеде қолдануға жеткілікті болуы аса маңызды.