АЗАМАТТЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР: (КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӘЖІРИБЕСІ НЕГІЗІНДЕ)
Кілт сөздер:
Конституциялық Сот, Конституция үстемдігі, нормативті қаулы, адам құқығы, қамау, мерзімдер, тергеу судьясы, іспен танысу.Аңдатпа
Бұл ғылыми мақала ҚР Конституциялық Сотының адам құқықтары мен құқықтық мәселелерді анықтауына арналған. Зерттеу барысында Конституциялық соттың соңғы конституциялық реформа барысында адам құқықтарын қорғау мен заңнаманы жетілдіру және Конституцияны тікелей қолдану тәжірибесін талдауға басымдық беріледі. Әсіресе азаматтардың қылмыстық процестік Кодекс аясында жеке бас бостандығының шектелуі конституциялық құқық теориясы тұрғысынан талданады. ҚР ҚПК 152-бабының 6-бөлігінің негіздері мен 296-баптың 3-бөлігіндегі мазмұнның Конституцияның 16-бабындағы азаматтың құқықтарымен үйлесуі бойынша талдау жасалып, құқықшығармашылық, құқықтүсіну, құқыққолдану бойынша маңызды ойлар жинақталды. ҚР Конституциялық Соттың осы нормалар бойынша нормативті қаулысы талданып, оның мазмұны мен қолданысын арттыру бойынша ұсыныстар берілді. Сонымен қатар РФ Конституциялық Сотының осы мазмұндағы қаулысына салыстыру жасаумен азаматты қамауда ұстау мерзімдері бойынша ұқсастықтар мен ерекшеліктері ұсынылды.